
ЕҰУ-да жаңа Конституцияның маңызы халықаралық деңгейде талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстанның жаңа Конституциясы: институционалдық өзгерістер және құқықтық мемлекеттің дамуы» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Қазақстан мен шетелдің құқықтану, саясаттану, тарих және қоғамдық ғылымдар саласындағы жетекші ғалымдары, сарапшылар мен зерттеушілер қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – жаңа Конституцияның еліміздің саяси жүйесін жаңғыртудағы, құқықтық мемлекетті нығайтудағы және қоғамдық-саяси дамудағы рөлін ғылыми тұрғыдан саралап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасу болды.
Дөңгелек үстелді Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институты директорының міндетін атқарушы Ермек Әбдірасулов жүргізді. Ол «Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы: ХХІ ғасырдың сын қатерлері және ел дамуының жаңа кезеңінің іргетасы» тақырыбында баяндама жасап, конституциялық реформалардың жаңа кезеңінде мемлекеттік институттардың тиімділігі, саяси партиялардың жауапкершілігі және азаматтардың саяси белсенділігі айрықша маңызға ие болатынын атап өтті.
Жиында университет ректоры Ерлан Сыдықов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа Конституцияның елдің ұзақ мерзімді дамуының стратегиялық бағдары екенін айтты. Оның пікірінше, Ата Заңда білім, ғылым, инновация және адами капиталды дамытуға ерекше басымдық берілуі – Қазақстанның болашағына салынған маңызды инвестиция. Сондай-ақ азаматтардың сапалы әрі қолжетімді білім алу құқығының конституциялық тұрғыдан нығайтылғанын, мемлекеттік білім беру стандарттары мен академиялық еркіндіктің маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанынан құрылған Конституционализм және цифрлық құқық ғылыми-зерттеу институтының жұмысына табыс тіледі.
«Жаңа құрылым құқықтық реформаларды ғылыми қолдауға, жасанды интеллект технологияларын құқықтық бейімдеуге және қоғамда жоғары конституциялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған еліміздің жетекші қолданбалы талдау орталығына айналады. Институт ғалымдары жасанды интеллектті реттеу, алгоритмдердің ашықтығы, жеке деректерді қорғау және алгоритмдік кемсітушіліктің алдын алу салаларында пәнаралық зерттеулер жүргізеді», - деп атап өтті ректор.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Германияның Оснабрюк университетінің профессоры Георг Михаэль Геск, Қырғызстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының вице-президенті, заң ғылымдарының докторы, професссор Чолпанкул Арабаев, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Әлішер Сатвалдиев, ҚР Заңнама және құқықтық ақпарат институтының директоры, заң ғылымдарының кандидаты, профессор Жанар Жігітекова, Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры Жамаладен Ибрагимов, ЕҰУ Саясаттану кафедрасының меңгерушісі, PhD Дәурен Пірімбетов баяндама жасап, жаңа Конституцияның тарихи және стратегиялық маңызы, мемлекеттік басқару жүйесінің трансформациясы, ұлттық қауіпсіздік, құқықтық басымдықтар және қоғамдық-саяси жаңғыру мәселелерін талқылады.
Басқарма мүшесі – сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректор Индира Рыстина 2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституцияның күшіне енуі еліміздің саяси-құқықтық дамуының жаңа кезеңін айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, жаңа Ата Заң мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіріп, адам құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтіп, заң үстемдігін, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған.
«2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның жаңа саяси даму кезеңінің басталған күні ретінде тарихта қалатыны анық. Кеше жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Осы сәттен бастап еліміз жаңа конституциялық модель жағдайында өмір сүре бастайды.Конституция күні енді 15 наурызда аталып өтеді. Ал 2026 жылғы 1 шілде – жаңа Ата Заңның практикалық кезеңі басталған тарихи күн.
Соңғы алты жылда елімізде саяси жүйені кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған ауқымды заңнамалық өзгерістер жүзеге асырылды. Азаматтық қоғам институттары нығайтылды. Бейбіт жиналыстар, қоғамдық бақылау, петициялар институты, сайлау жүйесі және саяси партиялар туралы заңнама жаңартылды. Партияларды тіркеуге қойылатын талаптардың жеңілдетілуі жаңа саяси күштердің қалыптасуына жол ашты. Бүгінде осы өзгерістердің барлығы жаңа Конституция аясында біртұтас саяси модельге біріктіріліп отыр», - деді проректор Индира Рыстина.
Сарапшылардың пікірінше, Конституцияда бекітілген қағидаттар демократиялық институттарды дамытуға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге және құқықтық мемлекеттің берік негізін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жиында Құрылтай институтының рөлі, цифрлық құқықтардың конституциялық кепілдіктері және өзге де өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
«Қазақстанның жаңа Конституциясы – бұл жай ғана ниеттер декларациясы емес. Бұл қазіргі жаһандық әлемнің барлық күрделі шындықтарын, геосаясат пен геоэкономикадағы шұғыл тектоникалық өзгерістерді зерттей отырып, ескеретін және сонымен бірге біздің іргелі ұлттық мүдделерімізді ымырасыз қорғайтын прагматикалық стратегиялық құжат.
Өз күшіне енген Ата заң XXI ғасырдың негізгі жаһандық сын-қатерлеріне нақты жауап береді. Оның мазмұнына «жасыл» экономиканың бағыттары, цифрлық дәуірдің құқықтық негіздері, цифрлық құқықтар мен инклюзияны қорғау шаралары органикалық түрде енгізілген. Бұл ретте реформаның басты игілігі ретінде Адам жарияланды. Жаңартылған мемлекеттік құрылымның бүкіл логикасы дәл осы адами капиталды дамыту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, сот төрелігінің тәуелсіздігін нығайту төңірегінде құрылған», - деп атап өтті модератор Ермек Әбдірасулов.
Халықаралық дөңгелек үстел қорытындысында қатысушылар құқықтық мемлекетті дамыту, конституциялық құндылықтарды дәріптеу және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтті.
