
ЕҰУ-дың 30 жылдығына арналған «Qaton-Qaragai Trail - 2026» жарысы өтті

Шығыс Қазақстан облысының Катонқарағай ауданында үшінші рет «Qaton-Qaragai Trail - 2026» трейлраннинг жарысы өтті. Іс-шараны Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің әлеуметтану кафедрасы, Катонқарағай ауданының әкімдігі және «El Sport» республикалық қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
ЕҰУ-дың 30 жылдығына арналған спорттық додаға еліміздің әр өңірінен 100-ден астам спортшы жиналды. Олардың қатарында университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері, сондай-ақ халықаралық және республикалық жарыстардың жүлдегерлері болды. Жарысқа Астана, Алматы, Өскемен, Семей, Көкшетау және Қарағанды қалаларынан спортшылар қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, табиғат аясындағы жүгіру мәдениетін дамыту және трейлраннинг спортын кеңінен таныту.
Катонқарағай ауылының маңында өткен жарыста қатысушылар 5, 10 және 20 шақырымдық қашықтықтарда бақ сынады. Әуесқой спортшылар мен тәжірибелі желаяқтар Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің «Сарымсақты» бағытымен өтіп, орман ішімен жүгірді.
5 шақырым қашықтықта ерлер арасында Арнұр Мұқанов пен Әсет Жүнісов, әйелдер арасында Ақнұр Оралбек, Шынар Троцюк және Тахмина Юсиф үздіктер қатарынан көрінді.
10 шақырымдық бағыт қатысушылардан ерекше төзімділік пен жоғары дайындықты талап етті. Спортшылар 500 метрден астам биіктік айырмасын еңсеріп, ерлер арасында Сұңқар Абылханов, әйелдер арасында Светлана Алдырбаева чемпион атанды.
20 шақырымдық жарыста Руслан Әбішов, Нұржан Шпекбаев және Құралай Тукина мәреге алғашқы болып жетіп, жоғары нәтиже көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Kaz Minerals Тобы ақшалай сыйақылар табыстады. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арнайы естелік сыйлықтары ұсынылды.
