
ЕҰУ-да талапкерлерге арналған шығармашылық емтихандар басталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде шығармашылық дайындықты талап ететін бакалавриат білім беру бағдарламалары бойынша талапкерлерге арналған шығармашылық емтихандар басталды. 8–15 шілде аралығында өтетін емтиханға 821 талапкерден өтініш түскен.
Биыл шығармашылық емтихандар келесі білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ұйымдастырылуда:
В005 – Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау;
В029 – Аудиовизуалды құрылғылар және медиа өндірісі;
В031 – Сән, дизайн;
В033 – Дінтану және теология;
В042 – Журналистика және репортер ісі;
В073 – Сәулет;
В142 – Қоғаммен байланыс.
Шығармашылық емтихандардың әділ әрі ашық ұйымдастырылуы үшін университетте барлық қажетті жағдай қарастырылған. Талапкерлер мен олардың ата-аналарының қолайлылығы мақсатында аудиторияларға орнатылған бейнебақылау камералары арқылы емтихан тікелей сырттағы үлкен LED экраннан көрсетілген. Бұл қабылдау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз етіп, ата-аналарға балаларының сынақ тапсыру сәтін бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, күту аймақтарында көлеңкелі орындар әзірленіп, талапкерлер мен олардың жақындарына ауыз су мен жеңіл тағамдар ұсынылған.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы, Кәсіптік бағдар беру бөлімінің басшысы Ләззат Егеубаеваның айтуынша, биылғы қабылдау науқанының ерекшеліктерінің бірі – «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының жеке бағыт ретінде талапкерлерді қабылдауы.
«Биыл шығармашылық бағыт бойынша 7 білім беру бағдарламасына талапкерлер қабылдануда. Биылғы қабылдау науқанының басты ерекшеліктерінің бірі – бұрын «Журналистика» бағытының құрамында болған «Қоғаммен байланыс» білім беру бағдарламасының жеке мамандық ретінде бөлінуі. Бұл мамандыққа қызығушылық өте жоғары. Қазіргі таңда аталған бағдарлама бойынша 130-ға жуық талапкер шығармашылық емтихан тапсыруда», – деп атап өтті Ләззат Егеубаева.
Шығармашылық емтиханнан алғашқы болып шыққан талапкер – Павлодар қаласынан келген «Дінтану және теология» білім беру бағдарламасына Айдана есімді үміткер .
«Бүгін алғашқы шығармашылық емтиханымды тапсырдым. Емтихан біршама қаталдау болды, сұрақтар жан-жақты қойылды. Дегенмен, өзімді жақсы көрсете алдым деп ойлаймын. Алдағы уақытта Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенті атанатыныма сенімім мол», – деді талапкер.
Шығармашылық емтихандары талапкерлердің дайындық деңгейін, шығармашылық әлеуеті мен кәсіби қабілеттерін жан-жақты бағалаудың маңызды кезеңі болып табылады.
