
ABEEK-пен әріптестік: ЕҰУ халықаралық аккредиттеу бағытындағы қадамдарын күшейтуде

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне инженерлік білім беруді аккредиттеу саласындағы жетекші халықаралық ұйымдардың бірі – ABEEK (Accreditation Board for Engineering Education of Korea) делегациясы келді.
Делегация құрамында ABEEK президенті У Сын Ким, ұйым хатшылығының директоры Хё Рён Ан және халықаралық байланыстар комитетінің төрағасы Янгбок Джу болды.
Қонақтарды ЕҰУ ректордың міндетін атқарушы Ардақ Бейсенбай қарсы алды. Ол өз сөзінде делегация сапары университет үшін маңызды екенін атап өтті.
«Біз ABEEK қызметімен танысуға, инженерлік білім беруді дамытудың заманауи тәсілдерін талқылауға және білім беру бағдарламаларын жетілдіру бағытында халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік туғанын жоғары бағалаймыз. Біз үшін Корея Республикасының тәжірибесі мен ABEEK ұйымының инженерлік білім беруді халықаралық стандарттар негізінде дамытудағы қызметі ерекше қызығушылық тудырады. Бүгінгі кездесу ұзақ мерзімді әрі өзара тиімді серіктестіктің берік негізін қалайды деп сенемін», – деді Ардақ Бейсенбай.
Сонымен қатар спикер ЕҰУ ғылыми-зерттеу қызметін, халықаралық ынтымақтастықты және заманауи білім беру технологияларын дамытуға басымдық беретінін, ал инженерлік білім беруді жетілдіру бағытындағы халықаралық тәжірибе университет үшін маңызды екенін атап өтті.
Өз кезегінде сөз алған ABEEK президенті У Сын Ким сапардың екіжақты ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
«Бүгінгі кездесудің екіжақты серіктестіктің жаңа кезеңіне жол ашады деп сенемін. Университеттердің ғылыми зерттеулері тек академиялық нәтижелермен шектелмей, қоғам мен экономикаға нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым, білім және өндіріс арасындағы тығыз байланыс инженерлік білім берудің сапасын арттырып, инновациялардың дамуына серпін береді»,– деді спикер.
Бұдан кейін У Сын Ким «Зертханадан нарыққа дейін» тақырыбында баяндама жасап, университет пен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты дамыту, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыру және инновациялық экожүйені қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ Ханьян университетінің тәжірибесін таныстырып, ғылымды өндіріспен ықпалдастырудың тиімді үлгілерімен бөлісті.
Кездесу барысында тараптар академиялық ұтқырлықты дамыту, бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды жүзеге асыру, халықаралық аккредиттеу мен университет пен өндіріс арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады.
