
ЕҰУ Күміс университетінің тыңдаушылары қытайдың дәстүрлі медицина мамандарымен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Үздіксіз білім беру институты мен Конфуций институты Күміс университетінің тыдаушылары үшін Қытайдың дәстүрлі медицинасы саласындағы жетекші мамандармен танымдық кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның мақсаты – егде жастағы азаматтарды дәстүрлі қытай медицинасының мүмкіндіктерімен таныстыру, аурулардың алдын алу жолдары мен салауатты өмір салтын насихаттау.
Кездесуге Қытайдан келген дәстүрлі қытай медицинасының мамандары Пан Фэн мен Гуа Фэн, Астана қаласындағы «Сиань» клиникасының басшысы Ерлан Жолдасбай, Қазақстанның дәстүрлі қытай медицинасы дәрігері Сара Жамалиева мен ЕҰУ Конфуций институтының директоры Янг Лей қатысты.
Іс-шара барысында қонақтар дәстүрлі қытай медицинасының ерекшеліктері, емдеу тәсілдері және денсаулық сақтау жүйесіндегі тәжірибесі туралы жан-жақты ақпарат берді.
«Біз үшін ЕҰУ қабырғасында Күміс университетінің тыңдаушыларымен кездесудің маңызы зор. Дәстүрлі қытай медицинасы – ғасырлар бойы жинақталған білім мен тәжірибеге негізделген бірегей жүйе. Біз аурудың алдын алу, денсаулықты нығайту және оңалту бағытындағы тәсілдерімізді таныстырдық. Осындай кездесулер екі ел арасындағы ғылыми және білім беру ынтымақтастығын нығайтып, бірлескен жобалардың жүзеге асуына жол ашады деп сенеміз, - деді Пан Фэн.
Кездесу аясында қытайлық мамандар тәжірибесімен бөлісіп, дәстүрлі медицинадағы аурудың алдын алу, диагностика және оңалту бағыттарындағы тиімді әдістерін таныстырды. Сондай-ақ тыңдаушылар сауықтыру гимнастикасын жасап, пікір алмасты.
«Кездесу тыңдаушыларымыз үшін халықаралық тәжірибемен танысуға берілген жақсы мүмкіндік. Қытай медицинасы ғасырлар бойы қалыптасқан әдіс-тәсілдерімен ерекшеленеді. Осындай кездесулер арқылы Күміс университетінің тыңдаушылары кәсіби көкжиегін кеңейтеді. Болашақта осындай іс-шараларды жалғастырамыз», - деді ЕҰУ Үздіксіз білім беру институтының аға маманы Райхан Баймағанбетова.
Іс-шара барысында тыңдаушылар мамандарға сұрақтарын қойып, жан-жақты жауап алды.
