
ЕҰУ мен Welldrinks France компаниясы бірлескен ынтымақтастық бағыттарын белгіледі

Еуразия ұлттық университеті мен Welldrinks France компаниясының өкілдері әлеуметтік жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, өзін-өзі қорғау бойынша шеберлік сабақтарын ұйымдастыру, дене шынықтыру пәні мұғалімдерін даярлау бағытында ғылыми және академиялық ынтымақтастық орнату, сондай-ақ тәжірибелі мамандарды университеттің Бизнес мектебінің білім беру үдерісіне тарту мүмкіндіктерін талқылады. Екіжақты кездесу Welldrinks France компаниясы өкілдерінің ЕҰУ-ға сапары аясында өтті.
Іс-шараға ЕҰУ проректоры Ляззат Төлегенқызы, Welldrinks France компаниясының CEO маманы Малгожата Туар, грэпплингтен әлем чемпионы, Djihene Academy негізін қалаушы, Сорбонна университетінің оқытушысы Джиен Абделлилах және университет профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері қатысты.
ЕҰУ әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ляззат Төлегенқызы университетте спортты дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлді:
«Қазіргі таңда университетте спорт бағытына ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл салада жаңа бастамаларды жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуға дайынбыз. Білім беру ұйымы ретінде студенттер үшін қолайлы орта қалыптастыру, әлеуметтік бағыттағы жобаларды қолдау және спорт арқылы тең мүмкіндіктерді дамыту маңызды», – деді проректор.
Малгожата Туар өз сөзінде Қазақстанға сапарының мақсаты бірлескен жобалар мен зерттеулерді дамыту мүмкіндіктерін қарастыру екенін атап өтті.
«Болашақта қазақстандық-француздық ортақ өнімдер әзірлеуге қызығушылық танытамыз. Сонымен қатар Джиен Абделлилахтың спорттық жетістіктерін әлеуметтік миссиямен ұштастырып, әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, өзін-өзі қорғау дағдыларын дамыту бағытындағы жұмыстары біз үшін өте құнды», – деді спикер.
Тараптар спорт, білім беру және әлеуметтік бағыттардағы тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтіп, халықаралық серіктестікті дамытуға қызығушылық білдірді.
Айта кету керек, Джиен Абделлилах – спорттық тәжірибесін әлеуметтік бастамалармен ұштастырып жүрген халықаралық деңгейдегі маман. Ол әйелдер мен жастар арасында өзін-өзі қорғау дағдыларын қалыптастыруға, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеді. Оның 2020 жылы құрылған академиясында әйелдерге түрлі жағдайларда дұрыс әрекет ету, өзіне деген сенімділікті арттыру және өзін қорғау әдістері үйретіледі.
