
Ғалымдар мен мұғалімдер Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы өзектілігін талқылады

«Абай мұрасы: ғылыми таным және қазіргі қоғам» атты семинар барысында Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары мен мектеп мұғалімдері Абай Құнанбайұлының ғылыми және философиялық мұрасы мен оның қазіргі қоғам үшін маңызын талқылады.
ЕҰУ-дың «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырған іс-шара 10 тамыз – Абай күніне орай өтті. Қатысушылар ойшылдың шығармашылығына, ұлттық дәстүрлерге және оның шығармаларын оқытудың заманауи тәсілдеріне арналған зерттеулерін ұсынды.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов «Абай тағылымияты» тақырыбындағы баяндамасында ақынның білім мен ғылымға үндейтін идеяларының мәңгілік құндылығына тоқталды. Абайтанушы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге…» деген өсиетінің қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, білімді өмірде тиімді қолданудың қажеттігіне назар аударды.
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, абайтанушы Алмахан Ғабдуллина «Абай жолы» романындағы ұмыт қалған салт-дәстүрлер» тақырыбында баяндама жасап, шығармада көрініс тапқан ұлттық құндылықтар мен дәстүрлердің тарихи-мәдени маңызын қарастырды.
Сүлеймен Демирел университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Береке Жұмақаева «Абай шығармаларын оқытудағы когнитивтік стратегиялар: мәтінді түсіну мен интерпретациялау жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Ол 5–11 сынып оқушыларына Абай мұрасын оқытудың тиімді әдістері мен мәтінді түсіну және интерпретациялаудың заманауи тәсілдеріне арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Семинар аясында өзге де жетекші ғалымдар мен абайтанушылар сөз сөйлеп, Абай мұрасын зерттеу мен насихаттаудың жаңа бағыттарын қарастырды.
Іс-шара қорытындысы бойынша семинарда ұсынылған баяндамалардың «Әдебиет порталы» интернет-ресурсында жарияланып, көпшілік қауымға қолжетімді болатыны айтылды.
