
ЕҰУ мен Индонезияның Бали мемлекеттік политехникалық институты серіктестіктің жаңа бағыттарын айқындады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Индонезия Республикасының Қазақстандағы Елшілігі және Бали мемлекеттік политехникалық институты (Politeknik Negeri Bali) өкілдерімен кездесу өтіп, онда тараптар халықаралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады.
Тараптар білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығын дамыту, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды іске асыру, тәжірибе алмасу және халықаралық серіктестікті нығайту бағыттарына ерекше назар аударылды.
ЕҰУ Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректордың міндетін атқарушы Абзал Талтенов екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты дамытудың әлеуетін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу екі жоғары оқу орнының мүмкіндіктерін өзара таныстырумен қатар, болашақтағы нақты бастамаларды айқындауға жол ашты. Әріптестікті тек келісімдер деңгейінде қалдырмай, оның нәтижесін студенттер мен оқытушылардың академиялық тәжірибесінде көру маңызды. Біз өзара қызығушылық тудыратын бағыттарды нақты жобаларға айналдырып, ұзақ мерзімді байланыс орнатуға дайынбыз», – деді ол.
Өз кезегінде Бали мемлекеттік политехникалық институтының директоры И Ньоман Абди оқу орнының тәжірибеге бағдарланған білім беру ерекшеліктеріне тоқталып, ЕҰУ-мен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
«Біздің оқу үдерісіміздің 60%-дан астамы зертханалық сабақтар мен өндірістік тағылымдамаларға негізделген. Бұл модель оқытушылардың теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларын үнемі жетілдіруді талап етеді. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – профессор-оқытушылар құрамының кәсіби біліктілігін арттырып, олардың заманауи білім беру әдістерін меңгеруіне мүмкіндік жасау. Еуразия ұлттық университетімен байланыс осы бағытта жаңа тәжірибе мен тың идеяларды игеруге жол ашады деп сенеміз», – деді институт директоры.
Айта кетейік, Бали мемлекеттік политехникалық институты — Индонезиядағы қолданбалы бағыттағы жоғары оқу орны. Ол Бали аралындағы Джимбаран ауданында орналасқан және 1987 жылы құрылған. Қазіргі уақытта институтта 6 мыңнан астам студент білім алуда.
Институт құрамында 7 факультет бар:
азаматтық құрылыс факультеті;
машина жасау факультеті;
электротехника факультеті;
ақпараттық технологиялар факультеті;
бухгалтерлік есеп факультеті;
бизнес әкімшілендіру факультеті.
