
Студенттің университетке бейімделуіне қалай көмектесуге болады: ЕҰУ-да психологиялық қолдау семинары өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Психологиялық қолдау орталығы білім алушыларға оқу үдерісіне бейімделу кезеңінде психологиялық қолдау көрсету мәселелеріне арналған семинар өткізді.
Семинар барысында студенттің эмоционалдық жағдайындағы өзгерістерді байқау, психологиялық әл-ауқатының бұзылу белгілерін дер кезінде анықтау, алғашқы қолдау көрсету және қажет болған жағдайда білім алушыны бейінді маманға бағыттау мәселелері талқыланды.
Семинарға факультет декандарының орынбасарлары, оқытушылар, кураторлар, эдвайзерлер және Студенттер үйлерінің педагог-ұйымдастырушылары қатысты.
ЕҰУ Психологиялық қолдау орталығының басшысы Самал Тоғым Орталықтың негізгі жұмыс бағыттары мен білім алушылармен өзара іс-қимыл алгоритмін таныстырды. Студенттердің психологиялық жағдайын бақылауға, олардың қажеттіліктерін анықтауға, алғашқы эмоционалдық қолдау көрсетуге және одан әрі сүйемелдеуге ерекше назар аударылды.
Семинардың арнайы қонағы – ЕҰУ түлегі, ҚР Үкіметі жанындағы Суицидтің алдын алу жөніндегі жобалық кеңсенің бас кеңесшісі Лейла Мирас болды. Ол «Тәуекел тобындағы білім алушыларды дер кезінде анықтау және девиантты мінез-құлықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасады.
Баяндама барысында тәуекел белгілерін ерте анықтаудың практикалық тәсілдерін, эмоционалдық қиындықтардың алдын алу және білім алушылармен тиімді коммуникация орнату жолдарын қарастырды. Студенттің мінез-құлқындағы өзгерістерге дұрыс әрі сауатты жауап беру, сондай-ақ оның қажетті көмекті дер кезінде алуына мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді.
«Студенттің университеттік ортаға бейімделу кезеңінде оның оқу үлгерімімен қатар, эмоционалдық жағдайы мен мінез-құлқындағы өзгерістерге де назар аудару маңызды. Оқытушы мен куратордың міндеті – диагноз қою емес, студенттің жағдайын дер кезінде байқап, қолдау көрсету және қажет болған жағдайда тиісті маманға бағыттау. Уақытылы көрсетілген қолдау студенттің қиындықтарын жалғыз еңсермеуіне көмектеседі», – деді спикер.
Семинар қатысушыларға студенттердің университет ортасына бейімделу кезеңінің психологиялық ерекшеліктері туралы білімдерін кеңейтіп, эмоционалдық қолдау көрсетудің практикалық дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, бейімделуге әсер ететін негізгі факторлар, эмоционалдық өзгерістерді анықтау тәсілдері және ерекше назар аударуды қажет ететін белгілер талқыланды.
Психологиялық қолдау – студенттердің оқу ортасына табысты бейімделуіне ғана емес, олардың эмоционалдық әл-ауқатын сақтауға да ықпал ететін білім беру ортасының маңызды бөлігі. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс университетте білім алушының қажетті жағдайда дер кезінде көмек пен қолдау ала алатын қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
