
ЕҰУ-да Қазақстан мен Польша ынтымақтастығының жаңа бағыттары талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан мен Польша ынтымақтастығының жаңа бағыттары» тақырыбында халықаралық форум өтті. Басқосуға университет басшылығы, Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері, отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар қатысты.
Халықаралық форумның негізгі мақсаты - Қазақстан мен Польша арасындағы ғылыми-білім беру, мәдени және академиялық байланыстарды одан әрі дамыту, сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау.
Форумды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы ашып, Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықовтың қатысушыларға арналған құттықтауын жеткізді. Өз сөзінде проректор Қазақстан мен Польша арасындағы өзара тиімді серіктестіктің маңыздылығына тоқталып, жоғары білім беру мен ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін атап өтті.
«Қазақстан мен Польша арасындағы байланыстардың өзіндік тарихы мен берік негізі қалыптасқан. Бүгінде бұл серіктестікті білім, ғылым, инновация және академиялық алмасу бағыттарында жаңа деңгейге көтерудің маңызы зор», – деді Ләззат Төлегенқызы.
Өз кезегінде сөз алған Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лебенда Қазақстан мен Польша арасындағы ынтымақтастықты жаңа мазмұнмен толықтыруға бағытталған маңызды форумға қатысу мүмкіндігіне ризашылығын білдірді.
«Қазақстан мен Польша – тарихы, мәдениеті, ғылымы мен білімінің өзіндік ерекшеліктері бар, сонымен бірге өзара түсіністік пен тәжірибе алмасуға ұмтылысы ортақ мемлекеттер. Бүгінде біздің елдеріміз арасындағы байланыстар тек саяси немесе экономикалық қатынастармен шектелмейді. Оның маңызды әрі болашағы зор бағыты – ғылыми, білім беру және гуманитарлық ынтымақтастық»,-деп атап өтті дипломат.
Іс-шара барысында Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің өкілдері мен отандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер мен сарапшылар Қазақстан-Польша қатынастарының қазіргі ахуалы мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасты. Сонымен қатар жоғары білім беру саласындағы әріптестікті кеңейту, ғылыми-зерттеу жобаларын бірлесіп жүзеге асыру, академиялық ұтқырлықты дамыту және сарапшылық байланыстарды нығайту мәселелерін талқылады.
Форум аясында екі елдің ғылыми және академиялық қауымдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған бірқатар ұсыныстар айтылды. Сарапшылардың пікірінше, мұндай алаңдар тәжірибе алмасуға, жаңа ғылыми бастамаларды қалыптастыруға және Қазақстан мен Польша арасындағы серіктестіктің перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ форум барысында ғылымды дамытуға қосқан елеулі еңбегі үшін заң ғылымдарының хабилитацияланған докторы, Вроцлав қаласындағы Кәсіптік білім беру университеттік колледжінің және Варшава қаласындағы Николай Коперник жоғары мектебінің профессоры Dariukz Brakoniecki-ге «Гумилев» медалін табыс етті және «Польша – Қазақстан Еуропалық-Еуразиялық ынтымақтастықтың жаңа үрдістері» ұжымдық монографиясы таныстырылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, халықаралық форум ертең Ұлттық академиялық кітапханада өз жалғасын табады.
