
ЕҰУ мен Шанхай ашық университеті үздіксіз және цифрлық білім беруді дамыту мәселелерін талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Шанхай ашық университетінің президенті Цзя Вэй бастаған делегация келді. Кездесу барысында тараптар үздіксіз білім беру, цифрлық технологиялар және академиялық алмасу бағыттарындағы ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
Кездесуде үздіксіз білім алу экожүйесін дамыту, ересектерге арналған білім беру курстарын ұйымдастыру, студенттер мен оқытушылар алмасуын жолға қою, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын бірлесіп әзірлеу және іске асыру мәселелеріне басымдық берілді.
Сонымен қатар тараптар цифрлық оқытуда жасанды интеллектті қолдану тәжірибесін, цифрлық білім беру ресурстарын әзірлеу және пайдалану, цифрлық сауаттылық курстарын дамыту, білім беру платформаларын жаңғырту бағыттарын қарастырды.
Қытай делегациясын қарсы алған ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай университеттің Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарымен тұрақты серіктестік орнатқанын атап өтті.
«Еуразия ұлттық университеті Қытайдың 29 жетекші жоғары оқу орнымен білім, ғылым және инновациялар салаларында белсенді ынтымақтастық орнатып келеді. 2011 жылы ЕҰУ-да Қытай филологиясы кафедрасы ашылып, онда студенттер «Шетел филологиясы: қытай тілі» білім беру бағдарламасы бойынша бакалавриат және магистратура деңгейлерінде білім алады. ҚХР жоғары оқу орындарымен студенттік алмасу бағдарламалары, сондай-ақ қытай тілін оқыту бойынша мәдени-білім беру орталығы болып табылатын Конфуций институты жұмыс істейді», – деді Ардақ Бейсенбай.
Сондай-ақ, ол ынтымақтастықтың кеңейе беретінін атап өтті. Биыл ЕҰУ мен Тяньцзинь кәсіптік институтының бірлескен бастамасы аясында Лу Бань шеберханасы ашылды. Сонымен қатар университет Қытайдың басқа да жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен ауқымды білім беру бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.
Проректордың айтуынша, ЕҰУ академиялық ұтқырлықты дамыту, студенттер мен оқытушылар алмасуын кеңейту, сондай-ақ бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттарындағы серіктестікті одан әрі дамытуға мүдделі.
Өз кезегінде Шанхай ашық университетінің президенті Цзя Вэй үздіксіз білім беруге, қашықтан оқытуға және цифрлық білім беру технологияларына мамандандырылған университеттің негізгі қызмет бағыттарымен таныстырды.
«Біздің университет бакалавриат және қауымдастырылған дәреже бағдарламаларын, сондай-ақ кәсіптік қайта даярлау және біліктілікті арттыру бағдарламаларын қатар жүзеге асырады», – деді Цзя Вэй.
Шанхай ашық университетінің негізгі білім беру бағыттарына ақпараттық технологиялар, «ақылды қала» тұжырымдамасы, менеджмент, әлеуметтану, қолданбалы тілдер, мейіргер ісі және қарт адамдарға күтім көрсету салалары жатады. Университет президенті соңғы бағыттың Шанхайдың әлеуметтік саясаты тұрғысынан өзекті екенін атап өтті.
Университеттің білім беру моделінің басты ерекшелігі - аралас оқу форматы, ол студенттердің өзіндік онлайн платформасындағы жұмысын жеке семинарлар мен зертханалармен біріктіреді. Сабақтар тек университет кампустарында ғана емес, сонымен қатар Шанхайдағы аймақтық филиалдарда да өткізіледі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі дамыту жөніндегі ұсыныстарымен бөлісіп, үздіксіз және цифрлық білім беру саласындағы практикалық ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарын айқындады.
