
ЕҰУ мен Қытай арасында білім беру және академиялық алмасу байланыстары нығаяды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне халықаралық білім беру және академиялық алмасу саласындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында Қытайдың халықаралық білім алмасу қауымдастығының (CEAIE) делегациясы келді.
Кездесу барысында тараптар жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, академиялық алмасуды дамыту, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы өзара байланысты нығайту мәселелерін талқылады.
Іс-шараны университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай ашып, ЕҰУ-дың халықаралық серіктестікті дамытуға, шетелдік жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды іске асыруға және студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын арттыруға ерекше мән беретінін атап өтті.
«Бүгінде халықаралық ынтымақтастық – жоғары білім беруді дамытудың маңызды бағыттарының бірі. Қытайдың жетекші білім беру ұйымдарымен байланыстарды одан әрі нығайту ЕҰУ студенттері мен оқытушылары үшін жаңа академиялық және ғылыми мүмкіндіктерге жол ашады», – деді проректор Ардақ Бейсенбай.
Өз кезегінде Қытайдың халықаралық білім алмасу қауымдастығы (CEAIE) президентінің орынбасары, Бас хатшысы Ян Цзюнь екі ел арасындағы білім беру байланыстарының маңыздылығына тоқталып, Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасында тәжірибе алмасуды жандандыруға және жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді.
«Біз халықаралық білім беру саласындағы өзара тәжірибе алмасуды одан әрі кеңейтіп, Қазақстан мен Қытайдың жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән береміз. Бұл бағыттағы байланыстар студенттер мен оқытушылар үшін жаңа жол ашып, білім беру мен ғылым саласындағы бірлескен жобалардың дамуына мүмкіндік береді», - деді Ян Цзюнь.
Кездесу барысында тараптар халықаралық білім беру жобалары, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының алмасуы, бірлескен ғылыми зерттеулер, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру және университеттер арасындағы серіктестікті институционалдық деңгейде дамыту мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, Қытайдың халықаралық білім алмасу қауымдастығы (CEAIE) 1981 жылы құрылған. Қауымдастық Қытайдың халықаралық білім беру алмасуы мен ынтымақтастығын дамытуға бағытталған жалпыұлттық коммерциялық емес ұйым болып табылады. CEAIE әлемнің 50-ден астам еліндегі 170-тен астам білім беру ұйымымен ұзақ мерзімді байланыс орнатқан.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар білім беру және ғылыми ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, тәжірибе алмасуды кеңейтуге және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендерін білдірді. Екіжақты кездесуден соң делегация өкілдері ЕҰУ-дың материалдық-техникалық базасымен танысып, Еуразия ұлттық университетінде Тяньцзинь кәсіптік институтымен бірлесе отырып салынған Лу Бань шеберханасында болды.
