
ЕҰУ-ға Жапонияның халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығының өкілдері келді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Жапонияның халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығының өкілдерімен кездесу өтті.
Жапондық делегацияны ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев, халықаралық қатынастар факультетінің деканы Мирас Қосыбаев, халықаралық ынтымақтастық жөніндегі департаментінің директоры Анастасия Кармелюк, тағы басқа қызметкерлер қарсы алды.
Іс-шара барысында тараптар Қазақстан мен Жапония арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, білім беру және ғылыми-зерттеу салаларындағы өзара байланысты дамыту мәселелерін талқылады.
ЕҰУ академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай өз сөзінде Жапониямен білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарындағы ынтымақтастықты дамыту университет үшін маңызды екенін атап өтсе, ғылым және коммерцияландыру жөніндегі проректор Нұрбек Сапарходжаев Жапонияның жоғары оқу орындарымен бірлесіп зерттеу жұмысарын жүргізу жайлы айтты.
«Жапонияның халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығы өкілдерінің ЕҰУ-ға сапары өзара тәжірибе алмасуға және жаңа серіктестік бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. Біз білім беру, ғылым және академиялық ұтқырлық салаларындағы байланысты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Мұндай кездесулер студенттеріміз бен оқытушыларымыз үшін халықаралық тәжірибені зерделеуге және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа жол ашады», - деді проректор Ардақ Бейсенбай.
Делегация басшысы, Жапонияның халықаралық ынтымақтастық және даму қауымдастығының (JIDA) президенті Ярукин Гуризати өз сөзінде Қазақстан мен Жапония арасындағы достық қарым-қатынастардың маңыздылығын атап өтіп, білім беру, ғылым және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.
«Қазақстан мен Жапонияны достық, өзара құрмет және сенімге негізделген қарым-қатынастар байланыстырады. Білім беру мен ғылым – осы байланыстарды одан әрі нығайтатын маңызды бағыттардың бірі. ЕҰУ-мен өзара тәжірибе алмасып, академиялық және ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Әсіресе, жастар арасындағы байланыстарды кеңейту екі елдің болашағы үшін маңызды деп санаймыз»,-деді делегация басшысы Ярукин Гуризати.
Кездесу барысында академиялық байланыстарды кеңейту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары қарастырылды. Сондай-ақ тараптар жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылап, өзара тиімді серіктестікті одан әрі дамытуға қызығушылықтарын білдірді.
Жапонияның халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығы (JIDA) – академиялық, мәдени және экономикалық алмасулар арқылы Жапония мен Азия өңірі елдері арасындағы байланыстарды тереңдету және өзара сенімді нығайту мақсатында құрылған жапондық халықаралық ұйым. Ұйымның ресми ұраны – «Connecting People, Institutions and Asia» («Адамдарды, институттарды және Азияны байланыстыру»).
Сапар аясында Жапония өкілдері университеттің білім беру және ғылыми-зерттеу бағыттарымен танысып, ЕҰУ оқытушылары мен білім алушыларымен пікір алмасты.
