
Қазақстан Халық Кеңесі құрамына ЕҰУ өкілдері енді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің өкілдері Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына енді. Бұл туралы ақпарат Ақорданың ресми сайтында жарияланды.
Кеңес құрамына Халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары, білім алушылары мен түлектері кірді.
Олардың қатарында «Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» докторантурасының білім беру бағдарламасы бойынша доценті, «Шаңырақ» кафедралары қауымдастығы» РҚБ мүшесі Марат Азильханов және Қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Жұлдызай Искакова бар.
Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына «Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламасының докторанты Борис Поломарчук енді.
Кеңес құрамына «Этносаясаттану» білім беру бағдарламасының түлектері – «Қазақстандық поляктар одағы» этномәдени бірлестігі» ЗТБ төрағасы Борис Хмелевский және «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымдастығы» ҚБ төрайымы Ляззат Қалтаева да кірді.
Қазақстан Халық Кеңесі – ел халқының мүддесін білдіруге бағытталған жоғары консультативтік орган. Оның құрамына азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері енді.
