
ЕҰУ алғаш рет Erasmus+ CBHE жобасының грант иеленушісі әрі үйлестірушісі атанды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті алғаш рет Еуропалық Одақтың Erasmus+ бағдарламасының «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» (CBHE) бағыты бойынша іске асырылатын University Endowment Fund Development in Kazakhstan (UNIFUND) жобасының грант иеленушісі әрі үйлестірушісі атанды.
UNIFUND – Қазақстандық университет грант иеленуші ретінде қатысып отырған Erasmus+ бағдарламасындағы алғашқы құрылымдық жоба. Erasmus+ құрылымдық жобалары ұлттық және өңірлік деңгейлерде жоғары білім беру жүйелерін реформалауға және жаңғыртуға бағытталған.
Үйлестіруші мәртебесіне ие болуы Еуропалық серіктестер тарапынан ЕҰУ-ға деген жоғары сенім деңгейін көрсетіп, университеттің ауқымды халықаралық білім беру бастамаларын іске асырудағы тәжірибесін растайды.
Жобаның негізгі мақсаты – университеттердің мақсатты қорларын (эндаументтерін) дамыту арқылы Қазақстандағы жоғары білім берудің қаржылық тұрақтылығы мен академиялық дербестігін нығайтуға ықпал ету. Жоба аясында университеттік эндаументтер жөніндегі Ұлттық қауымдастық пен цифрлық платформаны құру, нормативтік-құқықтық және әдістемелік базаны жетілдіру, сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындарында эндаумент мәдениетін дамыту жоспарлануда.
Сонымен қатар жоба университеттердің қаржыландыру көздерін кеңейтуге және әртараптандыруға мүмкіндік беретін мақсатты қорларды басқарудың жалпыұлттық жүйесін әзірлеуді көздейді. Бастаманың маңызды бағыттарының бірі – қазақстандық университеттер мен еуропалық серіктестер арасында тәжірибе және үздік практикалар алмасуды дамыту.
UNIFUND жобасының ерекшелігі – даму институттарын, мемлекеттік органдарды, бизнес өкілдерін, сондай-ақ Қазақстан мен Еуропаның жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін консорциум құрамының кең ауқымдылығында.
Жобаны үйлестіру ЕҰУ-дың университеттік эндаументті дамыту саласындағы практикалық тәжірибесіне негізделеді. ENU Endowment Fund 2021 жылғы 31 желтоқсанда құрылып, университеттің қаржылық тұрақтылығын нығайту және жоғары білім беру саласындағы меценаттық мәдениетті дамыту құралдарының біріне айналды.
Бүгінде қор төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді:
Білім алушыларды қолдау – білім беру гранттары мен атаулы шәкіртақылар тағайындау.
Ғылым мен инновацияларды дамыту – ғылыми зерттеулерді, стартаптарды және әзірлемелерді коммерцияландыру жобаларын бірлесіп қаржыландыру.
Әлеуметтік және мәдени бастамалар – білім беру және қоғамдық маңызы бар жобаларды қолдау.
Дарынды жастарды қолдау – студенттердің халықаралық конкурстарға, олимпиадаларға және спорттық жарыстарға қатысуына жәрдемдесу.
ЕҰУ Erasmus+ бағдарламасының «Жоғары білім беру саласындағы әлеуетті арттыру» бағытына 2016 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт аралығында университет 13 халықаралық жобаны іске асыруға қатысып, олардың нәтижелері университеттің білім беру және ұйымдастырушылық қызметіне енгізілді.
Атап айтқанда, ЕҰУ-да:
- инновациялық білім беру модульдері мен пәндері енгізілді;
- шетелдік студенттер мен түлектерді қолдауға арналған мамандандырылған орталықтар құрылды;
- «Welcome to ENU» кіріс академиялық ұтқырлық бағдарламасы жүзеге асырылуда;
- Кәсіпкерлік дағдыларды дамыту орталығының базасында ENU Business School жұмыс істейді.
