
ЕҰУ-да Қазақстан мен Үндістанның стратегиялық әріптестігі талқыланды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан мен Үндістан арасындағы стратегиялық және экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланған India–Kazakhstan Strategic Dialogue 2026 халықаралық конференциясы өтті.
Іс-шара Қазақстан мен Үндістан арасындағы 30 жылдық дипломатиялық қатынастардың тәжірибесін саралауға, сондай-ақ экономикалық және саяси байланыстарды одан әрі дамытудың негізгі тетіктерін талқылауға арналды. Конференцияға сарапшылар, ғалымдар мен зерттеушілер қатысып, өңірлік және жаһандық үдерістер жағдайындағы екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен даму мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.
Жиынның ашылуында Қазақстан Республикасындағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Сайлас Тангал, ЕҰУ-дың Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директорының орынбасары Дәурен Әбен және ҚР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Сыртқы саяси зерттеулер институтының аға сарапшысы Сергей Савельев сөз сөйледі.
Конференция барысында өңірлік тұрақтылық, көпжақты дипломатия, сауда және инвестициялық ынтымақтастық, көлік-логистикалық байланыстар, энергетика, критикалық минералдар, туризм және медициналық туризм мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар қоғамдық дипломатияның мүмкіндіктері, бұқаралық ақпарат құралдарының екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтудағы рөлі және академиялық-сараптамалық байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Қатысушылар қазіргі геосаяси және экономикалық өзгерістер жағдайында Қазақстан мен Үндістан арасындағы ынтымақтастықты әртараптандырудың маңызын атап өтті. Бұл ретте көлік дәліздері мен логистикалық бағыттарды дамыту, энергетикалық және инвестициялық әріптестікті кеңейту, жаңа экономикалық мүмкіндіктерді игеру және гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше мән берілді.
Сессия қорытындысында India–Kazakhstan Strategic Dialogue 2026 аясында екі ел арасындағы ұзақ мерзімді стратегиялық және экономикалық ынтымақтастықтың болашақ жол картасын әзірлеу мәселелері талқыланды.
