
ЕҰУ-да профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған «Motivation Day» өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге арналған «Motivation Day» корпоративтік іс-шарасы өтті.
Университеттің 30 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылған жиын ұжым мүшелерінің кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа идеяларға серпін беруге және әріптестер арасындағы өзара қолдау мәдениетін нығайтуға бағытталды.
«Motivation Day» күнделікті жұмыс үдерісіне жаңа көзқараспен қарап, кәсіби мақсаттарды айқындауға мүмкіндік беретін мазмұнды алаңға айналды. Бағдарлама аясында еңбек қауіпсіздігі, кәсіби өсу, денсаулықты сақтау, спорт пен белсенді өмір салты, сондай-ақ университет қызметкерлері үшін қолжетімді даму мүмкіндіктері қамтылды.
Кездесудің алғашқы бөлігінде ЕҰУ Өндірістік бақылау және еңбекті қорғау қызметінің жетекшісі Алла Канина «Білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік: талаптар мен тәртіп» тақырыбында баяндама жасады. Ол еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету тәртібі және қауіпсіз еңбек ортасын қамтамасыз етудің негізгі қағидаларына тоқталды.
ENU Graduate School of Business қабылдау және маркетинг менеджері Диана Шокубаева «Grow with ENU: кәсіби даму траекториясы» тақырыбында университет қызметкерлеріне кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге арналған бағыттар мен бастамаларды таныстырды. Сонымен қатар білім мен тәжірибені ұштастыру, жаңа дағдыларды игеру және кәсіби әлеуетті жетілдірудің маңызын атап өтті.
Белсенді өмір салтының еңбек өнімділігіне әсері де назардан тыс қалмады. ЕҰУ Спорт клубының офис-менеджері Ерік Чинчалинов «Алға ұмтыл – әр күнді жеңіспен баста» тақырыбында сөз сөйлеп, тұрақты дене белсенділігінің адамның көңіл күйі мен жұмыс тиімділігіне ықпалы туралы ой бөлісті. Университет қызметкерлеріне спортпен айналысуға арналған мүмкіндіктер мен белсенді өмір салтын қолдауға бағытталған бастамалар таныстырылды.
Іс-шара соңында спикерлер мен қатысушылар арасында ашық сұрақ-жауап сессиясы ұйымдастырылды.
