
ЕҰУ мен ГЕРМАНИЯ: жаңа ынтымақтастық көкжиегі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германия Федеративтік Республикасына ресми сапары аясында өткен Германияның жетекші жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшыларымен кездесуіне қатысты.
Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру және ғылыми ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, стратегиялық әріптестікті одан әрі тереңдетудің басым бағыттарын айқындады.
Атап айтқанда, тараптар бірлескен білім беру және қос дипломды бағдарламаларды кеңейту, ғылыми-зерттеу жобаларын дамыту, академиялық ұтқырлықты арттыру, сондай-ақ ғылыми әзірлемелер мен инновациялық технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансферін ілгерілету мәселелеріне ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетіне де айрықша назар аударды. Қазақстанның технологиялық тұрғыдан даярланған жастары неміс компаниялары мен ғылыми-зерттеу орталықтарының сенімді серіктесіне айнала алатынын атап өтті. Сонымен қатар Қазақстанның қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологияларын әзірлеу, сынақтан өткізу және енгізу үшін тиімді алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Бұл басымдықтар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсаттарымен толық үндеседі. ЕҰУ Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми-білім беру орталықтарымен жүйелі әрі мазмұнды серіктестік орнатып, бірлескен білім беру, ғылыми-зерттеу және академиялық жобаларды жүзеге асырып келеді.
Қазіргі таңда ЕҰУ-дың Германияның сегіз жоғары оқу орнымен ынтымақтастық туралы келісімі бар. Бұл серіктестік білім беру бағдарламаларын дамыту, академиялық алмасу, ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ шетелдік ғалымдар мен сарапшыларды университеттің академиялық және ғылыми қызметіне тарту бағыттарын қамтиды.
ЕҰУ Германияның жетекші ғалымдары мен профессорларын оқытушылық қызметке, ғылыми-консультативтік жұмысқа және халықаралық зерттеу жобаларына белсенді түрде тартып келеді. Мұндай өзара іс-қимыл университеттің ғылыми әлеуетін арттыруға, білім беру сапасын жетілдіруге және қазақстандық ғылыми мектептердің халықаралық академиялық кеңістікке интеграциялануына жаңа мүмкіндіктер қалыптастырады.
Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудағы маңызды қадамдардың бірі – 2024 жылы ЕҰУ базасында Неміс тілі және мәдениеті орталығының ашылуы.
Орталық неміс тілін меңгеруге жағдай жасаумен қатар, академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға, студенттер мен оқытушылардың халықаралық тәжірибе алмасуын кеңейтуге және екі елдің білім беру қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
ЕҰУ мен Германиялық серіктестерді тұрақты даму, климаттың өзгеруі және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне деген ортақ ғылыми қызығушылық та біріктіреді. Осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі – 2025 жылдан бері Қазақстандағы Германия Федеративтік Республикасының Елшілігімен бірлесіп ұйымдастырылып келе жатқан «Eurasian Climate Talks» халықаралық жазғы мектебі.
Аталған жазғы мектеп жас ғалымдарды, студенттерді, сарапшылар мен зерттеушілерді климаттың өзгеруі, орнықты даму және экологиялық қауіпсіздік салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға, ғылыми тәжірибе алмасуға және заманауи шешімдерді бірлесіп әзірлеуге біріктіреді.
ЕҰУ үшін Германиямен ынтымақтастық – халықаралық серіктестікті кеңейтудің ғана емес, сонымен қатар озық ғылыми тәжірибені Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне енгізудің, жас зерттеушілердің әлеуетін арттырудың және ғылым мен инновацияны дамытудың маңызды тетігі.
Мемлекет басшысының Германияның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми институттарының басшыларымен кездесуі Қазақстан мен Германия арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған өзара іс-қимылдың маңызды алаңы болмақ. Еуразия ұлттық университеті осы үдерістің белсенді қатысушысы ретінде халықаралық серіктестікті одан әрі нығайтып, бірлескен ғылыми және білім беру бастамаларын дамытуға дайын.
