
ЕҰУ студенттері кәсіпкер Жұмабек Жанықұловпен кездесті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «PARYZ» Ұлттық жұмыс берушілер (кәсіпкерлер) конфедерациясы президиумының төрағасы, кәсіпкер және қоғам қайраткері Жұмабек Жанықұловпен кездесу өтті.
Іс-шара барысында Жұмабек Жанықұлов өзінің кәсіпкерлік жолына тоқталып, бизнес жүргізу кезінде кездескен қиындықтары, қабылдаған шешімдері мен жіберген қателіктерінен түйген сабақтарымен бөлісті. Кәсіпкер студенттермен еркін форматта әңгімелесіп, өмірлік ұстанымдары туралы ой қозғады.
«Тек кәсіпкерлікте ғана емес, жалпы кез келген салада адамнан мақсатқа ұмтылу, үздіксіз іздену және жауапкершілік қасиеттері маңызды. ЕҰУ студенттеріне айтарым – кәсіпке де, басқа бағыттарға да асықпай, ең алдымен сапалы білім алуға ұмтылыңыздар. Себебі кез келген жетістіктің берік негізі – білім. Бүгін алған дағдыларыңыз ертеңгі кәсіби жолдарыңызда дұрыс шешім қабылдауға, өз мүмкіндіктеріңізді тиімді пайдалануға және алға қойған мақсаттарыңызға жетуге жол ашады», – деді спикер.
ЕҰУ Экономика және туризм жоғары мектебінің 1-курс студенті Әбілхайыр Жаңбырбаев тағылымды жүздесудің жастар үшін маңызын атап өтіп, өз әсерімен бөлісті.
«Еуразия ұлттық университеті – еліміздің түрлі саласында еңбек етіп жүрген, өзіндік ұстанымы мен өмірлік тәжірибесі қалыптасқан азаматтармен еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін диалог алаңы. Мұндай басқосулар жастардың көкжиегін кеңейтіп, кәсіби бағыт-бағдарын айқындауға ықпал етеді. Бүгінгі әңгіме мақсатқа жету жолында табандылық танытып, әр мүмкіндікті тиімді пайдаланудың маңызын түсінуге және алға қойған мақсаттарға ұмтылуға ынталандырды», – деді ол.
Кездесу соңында белсенділік танытып, қызықты сұрақтар қойған қатысушыларға Жұмабек Жанықұловтың жеке қолтаңбасы қойылған кітаптар табысталды.
