
ЕҰУ мен Әзербайжанның жоғары оқу орындары білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Әзербайжан мен Қазақстан жастары арасындағы байланысты нығайту ең алдымен білім мен ғылымды дамытуға негізделуі тиіс. Бұл туралы Әзербайжан Республикасының Қазақстандағы Елшісі Алимирзамин Аскеров Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне жасаған сапары барысында мәлімдеді.
Университет басшылығы мен оқытушылар құрамының қатысуымен өткен кездесуде білім беру саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту, академиялық ұтқырлықты жетілдіру, ғылыми байланыстарды кеңейту және екі ел жастары арасындағы гуманитарлық қарым-қатынасты нығайту мәселелері талқыланды.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ЕҰУ мен Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары арасындағы серіктестіктің білім беру, ғылыми зерттеулер, академиялық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар және мәдени-гуманитарлық бағыттар бойынша жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті.
«Еуразия ұлттық университеті Әзербайжанның 10 жоғары оқу орны және ғылыми орталығымен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы келісімдер негізінде жұмыс істейді. Екі ел арасындағы достық байланыстардың білім беру саласында да жалғасын тауып келе жатқаны қуантады. Студенттеріміздің халықаралық деңгейдегі кездесулерге қатысып, өзге елдердің мәдениеті мен білім беру тәжірибесімен танысуы олардың кәсіби және тұлғалық дамуына маңызды үлес қосады», - деді ректор.
ЕҰУ-дың Әзербайжанның жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарымен өзара іс-қимылы бірнеше бағыт бойынша жүйелі түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, білім беру және ғылыми-зерттеу жобалары, академиялық ұтқырлық, қос дипломды бағдарламалар, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық бағыттарына басымдық берілуде.
Әзербайжан Елшісі университет басшылығына жылы қабылдағаны үшін алғыс айтып, ЕҰУ-ды 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Өз сөзінде Алимирзамин Аскеров Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қарым-қатынастардың тарихи тамыры терең екенін атап өтіп, екіжақты байланыстарды одан әрі дамытудағы жастардың ерекше рөліне тоқталды.
Дипломат өзінің білім және кәсіби жолы туралы да айтып берді. 1981 жылы Ленинград мемлекеттік университетін, ал 1993 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігінің Дипломатиялық академиясын тәмамдаған. 2005 жылы «Әзербайжан Республикасының тәжірибесі негізінде консулдық қатынастарды халықаралық-құқықтық реттеу практикасы» тақырыбында кандидаттық диссертация қорғап, заң ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алған.
Оқытушылық тәжірибесі бар елші ЕҰУ студенттерімен кездесудің өзі үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
«Мен де жоғары оқу орнында орнында оқытушы болып, студенттерге дәріс те бердім. Сондықтан Еуразия ұлттық университетінде сіздермен бүгінгі кездесу мен үшін ерекше. Бұл орайда айтпағым, Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынастардың тамыры тереңде жатыр», - деді елші.
Кездесуден кейін Әлимирзамин Аскеров ЕҰУ-дың Гейдар Әлиев атындағы аудиториясында студенттермен жүздесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы достық қатынастар, Гейдар Әлиевтің тарихи рөлі, білім беру және жастар ынтымақтастығы тақырыптарында дәріс өткізуге ниетті екенін жеткізді.
