
ЕҰУ Хорватияның жетекші университетімен серіктестікті дамытып келеді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Загреб университетінің электротехника және есептеу техникасы факультеті делегациясымен кездесу өтті. Делегацияны халықаралық ынтымақтастық жөніндегі декан орынбасары Ана Драндич бастап келді.
Кездесуді ЕҰУ-дың әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректоры Ләззат Төлегенқызы ашып, халықаралық серіктестіктің университеттің ғылыми және білім беру әлеуетін дамытудағы маңызына тоқталды.
«ЕҰУ халықаралық ынтымақтастықты дамытуға мол мүмкіндік беретін университеттердің бірі. Бүгінде бізде академиялық ұтқырлық бағдарламалары, ғылыми жобалар, студенттер мен жас ғалымдарға арналған тағылымдамалар жүзеге асырылуда. Университеттеріміз арасында, соның ішінде Erasmus+ бағдарламасы аясында, ынтымақтастықтың негізі қаланды. Бүгінгі кездесу екіжақты байланысты одан әрі нығайтып, академиялық алмасуды кеңейтуге мүмкіндік береді деп сенеміз», – деді проректор.
Кездесу барысында инженерлік, цифрлық технологиялар, робототехника және жасанды интеллект бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктеріне назар аударылды.
Өз кезегінде Ана Драндич факультеттің ғылыми-зерттеу және инновациялық әлеуетіне тоқталды.
«Біздің факультетіміздің ғылыми зерттеулер мен инновацияларды дамытуға әлеуеті жоғары. Электроника және компьютерлік инженерия, робототехника, микросхемалар әзірлеу, ақпараттық технологиялар және киберфизикалық жүйелер бағыттарында зерттеулер жүргізіп келеміз. Сонымен қатар Horizon Europe бағдарламасын қоса алғанда, Еуропаның ғылыми-зерттеу жобаларына белсенді қатысамыз. ЕҰУ-мен ынтымақтастығымызды академиялық ұтқырлықтан және ғылыми-зерттеу топтарының тікелей байланыс орнатуынан бастауға болады деп ойлаймын. Алдағы уақытта бұл әріптестік бірлескен жобалар мен халықаралық ғылыми консорциумдар құруға ұласуы мүмкін», – деді спикер.
Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – инженерлік және цифрлық салалардағы өзара тәжірибе алмасу болды. Кездесуге ЕҰУ-дың халықаралық ынтымақтастық, цифрлық ғылымдар және жасанды интеллект, көлік-энергетика бағыттарына жауапты өкілдерінің қатысуы осы бағыттар бойынша бірлескен бастамаларды талқылауға мүмкіндік берді.
ЕҰУ-дың Хорватияның жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастығы академиялық ұтқырлық, ғылыми зерттеулер және докторанттарды даярлау бағыттарында дамып келеді. Загреб университетімен кездесу осы байланысты одан әрі нығайтып, оқытушылар мен зерттеушілердің тәжірибе алмасуын және бірлескен ғылыми жобаларды дамытуға бағытталған жаңа мүмкіндіктерді талқылауға жол ашты.
