
ЕҰУ-да «Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» тарихи контент байқауының жеңімпаздары марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Алтын Орда: тарихқа жаңа көзқарас» атты тарихи контент байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Шығармашылық жоба әлеуметтік медиа платформалары арқылы Алтын Орда тарихын кеңінен насихаттауға, сапалы тарихи-ағартушылық контентті дамытуға және жастардың Қазақстан тарихына деген қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Байқауға Қазақстан мектептерінің оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері арасынан жас блогерлер қатысты. Олар өз жұмыстарында Алтын Орда дәуіріндегі маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға, сондай-ақ осы кезеңнің тарихи-мәдени мұрасы мен дәстүрлеріне авторлық көзқарастарын ұсынды. Қатысушылар бейнероликтер, деректі және талдамалық бейнежобалар, подкасттар мен инфографикалар форматында жұмыстар әзірледі.
Тарихшылар мен медиа сарапшылардан құралған қазылар алқасы жұмыстарды тарихи шынайылығы, креативтілігі мен бірегейлігі, аудиториямен өзара байланысы, техникалық орындалу сапасы, тақырыптың ашылуы және мазмұндылығы секілді критерийлер бойынша бағалады.
«Бұл байқауды ұйымдастыру арқылы біз танымал медиа құралдарының көмегімен тарихи мұраға деген қызығушылықты академиялық ортада ғана емес, жалпы қоғам арасында да арттыруды мақсат еттік.
Бұл жоба тарихи тақырыптарды жаңаша пайымдауға, академиялық білімді заманауи медиа форматтарымен ұштастыруға, сондай-ақ отандық цифрлық кеңістіктегі сапалы тарихи-ағартушылық контент көлемін арттыруға ықпал етеді деп сенемін», – деді ЕҰУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бейсенбай.
Жеңімпаздарды академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садыков, Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантаев, Медиа коммуникациялар және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Әшірбекова мен өзге де өкілдер марапаттады.
«Үздік пост» номинациясы бойынша Жанель Төлеубекова мен Арайлым Мырзахан жеңімпаз атанды. Екінші орын Айдана Бахтиярға бұйырса, үшінші орынды Айбек Бекболатұлы иеленді.
«Үздік TikTok ролигі» номинациясы бойынша Гүлназ Асылханқызы бірінші орынға ие болды. Екінші орынды Аймөлдір Қарқын иеленсе, үшінші орын Махаббат Орынбасарова мен Нұрдәулет Әліқұловқа берілді.
«Үздік подкаст» номинациясында Жұлдыз Ербол жеңімпаз атанды. Екінші орын Дильназ Рафаилова, Аружан Нұрмаханова, Айкөркем Ғалымжан және Рамазан Орынбасарға бұйырды.
«Үздік YouTube жобасы» номинациясы бойынша Жұлдыз Оразхан, Ғазиза Ерланова, Ақбота Мамырбек, Нұрасыл Қалибек және Айдархан Райханов үздік деп танылды. Екінші орынды Жәмилә Жасан, Талшын Ержанова, Дильназ Қаликановa және Әсел Сәрсенбек иеленді.
Байқауға қатысушылар дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.
