
ЕҰУ Гонконг технологиялар және жоғары білім беру институтымен әріптестікті дамытуда

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Гонконг технологиялық және жоғары білім беру институтымен (THEi) академиялық серіктестікті дамытуда. ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов пен THEi академиялық мәселелер жөніндегі вице-президенті Пун Квок Люн бастаған делегацияның кездесуі өтіп, оның аясында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Кездесуде тараптар академиялық байланыстарды нығайту, тәжірибе алмасу, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобаларды дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың ғылым мен білім беру саласындағы маңызын атап өтті.
«Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық экономикамен ғана шектелмей, ғылым мен білім беру салаларында да жүйелі түрде дамып келеді. 2013 жылы Қытай Төрағасы Си Цзиньпин ұсынған „Бір белдеу, бір жол“ бастамасы екі ел арасындағы әріптестікті нығайтуға жаңа мүмкіндіктер ашты.
Бүгінде ЕҰУ-де қытай тілін үйренуге қызығушылық артып, Қытайдың жоғары оқу орындарымен академиялық байланыстар кеңеюде. Біз бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға, мамандар даярлауға және ғылыми тәжірибе алмасуға басымдық береміз. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі – Наньнин педагогикалық университетімен ынтымақтастықты дамыту.
Сонымен қатар біз Қытайдың құрлықтық бөлігіндегі университеттермен қатар, Гонконгтың жоғары оқу орындарымен де серіктестікті кеңейтуге мүдделіміз. Біздің мақсатымыз – ғылым мен білім саласындағы байланысты нығайтып, Қазақстан мен Қытай университеттері арасындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамыту», – деді ректор.
Өз кезегінде профессор Пун Квок Люн институттың білім беру ұстанымдарына тоқталып, студенттердің практикалық дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән берілетінін атап өтті.
«Гонконг – Батыс пен Қытай мәдениеттері тоғысқан, халықаралық білім беру мен кәсіби дамуға кең мүмкіндік беретін орталық. Біздің институт студенттерге сапалы білім берумен қатар, олардың практикалық дағдыларын қалыптастыруға ерекше мән береді. Оқу барысында студенттер жергілікті компанияларда тәжірибеден өтіп, еңбек нарығының талаптарымен танысады. Бұл оларға оқуын аяқтағаннан кейін кәсіби жолын сенімді бастауға мүмкіндік береді.
Екі университет арасындағы байланыстарды дамыту студенттер мен оқытушылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, академиялық алмасу мен білім беру саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жол ашады деп сенемін», – деді профессор.
Гонконг технологиялық және жоғары білім беру институты (THEi) – Гонконгтың Кәсіптік білім беру кеңесіне қарасты мемлекеттік жоғары оқу орны. Институт дизайн және сәулет, цифрлық инновациялар мен технологиялар, қонақжайлылық және бизнес-менеджмент, спорт және оңалту, құрылыс, инженерия және қоршаған орта, тағам және денсаулық ғылымдары бағыттары бойынша мамандар даярлайды.
Айта кетейік, ЕҰУ мен THEi арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2026 жылғы 2 маусымда Гонконг делегациясының Астанаға сапары аясында қол қойылған болатын. Бүгінгі рәсімде құжатқа енгізілген өзгерістер ескеріліп, тараптар академиялық әріптестікті одан әрі дамытуға уағдаласты.
