
ЕҰУ түлектеріне «Жастар практикасы» бағдарламасы таныстырылды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бітіруші курс студенттері Астана қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығының өкілдерімен кездесті. Болашақ түлектерге жас мамандардың өз мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін жинақтауына көмектесетін мемлекеттік «Жастар практикасы» бағдарламасы туралы айтылды.
Кездесуді ЕҰУ-дың Мансап және бизнес-серіктестік бөлімі ұйымдастырды. Іс-шараға университеттің факультеттері, институттары мен жоғары мектептерінің студенттері қатысты.
Кездесуді ашқан ЕҰУ Академиялық мәселелер жөніндегі департаментінің директоры Байжұман Қашқынбай түлектер үшін алғашқы кәсіби тәжірибе жинақтаудың, өз дағдыларын дамытудың және еңбек нарығы ұсынатын мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың маңызын атап өтті.
Астана қаласы Алматы және Сарайшық аудандары Мансап орталығы филиалының директоры Аманбол Амангелдин «Жастар практикасы» бағдарламасының шарттары, артықшылықтары және кейіннен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы кеңінен баяндады.
«Жастар практикасы» бағдарламасы соңғы бес жыл ішінде колледжді немесе жоғары оқу орнын бітірген, алған мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға арналған. Бағдарлама түлектерге практикалық дағдыларды меңгеруге, алған білімдерін іс жүзінде қолдануға және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыруға көмектеседі.
Бағдарлама қатысушылары 12 ай бойы өз мамандығы бойынша жұмыс істей алады. Бұл кезең еңбек өтіліне есептеледі. 2026 жылы бағдарлама аясындағы ай сайынғы еңбекақы мөлшері 30 АЕК немесе 129 750 теңгені құрайды.
Жұмыс берушілерді қолдау секторының басшысы Нұргүл Әбсаттарова мен сектор маманы Майра Құрбанбаева студенттерге еңбек құқықтары, еңбекақы төлеу шарттары, құжаттарды тапсыру тәртібі және кейіннен тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы түсіндірді.
Кездесу барысында студенттер бағдарламаға қалай қатысуға болатынын, қандай құжаттар дайындау қажеттігін және өз мамандығы бойынша жұмысты қайдан іздеуге болатынын білді. Мансап орталығының өкілдері болашақ түлектердің сұрақтарына жауап берді.
Мұндай кездесулер студенттерге еңбек нарығындағы мүмкіндіктерді жақсырақ түсінуге, кәсіби мансабын алдын ала жоспарлауға және университетті бітіргеннен кейін еңбек жолын бастауға дайындалуға көмектеседі.
