
ЕҰУ мен Лувен католик университеті академиялық байланыстарды кеңейтуде

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Бельгияның Лувен католик университетінің делегациясы келді. Делегация құрамында Лувен католик университетінің ректоры Франсуаза Сметс, даму жоспарлау бөлімінің директоры Дани Этьен, академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білім алушы Мари Симон бар.
Кездесуде ЕҰУ Әлеуметтік және инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Ләззат Төлегенқызы оқу орнының білім беру және ғылым салаларындағы жетістіктері, ғылыми-зерттеу әлеуеті, халықаралық ынтымақтастықты дамыту бағытындағы жұмыстары туралы баяндады.
«Университетіміздің басты басымдықтарының бірі – ғылым мен білімнің интеграциясын дамыту, оқытушылар мен зерттеушілердің әлеуетін арттыру және жастарға халықаралық деңгейде сапалы білім алуға мүмкіндік жасау. Осы бағытта біз халықаралық әріптестікті кеңейтіп, шетелдік жетекші университеттермен тәжірибе алмасуға басымдық береміз. Сіздердің университеттеріңіздің академиялық және ғылыми тәжірибесі екі тарап үшін де пайдалы болатынына сенімдімін», - деді Ләззат Төлегенқызы.
Өз кезегінде сөз алған Лувен католик университетінің ректоры Франсуаза Сметс делегацияны жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді.
«Бүгінгі кездесуді екі университет арасындағы өзара тәжірибе алмасудың және академиялық байланыстарды нығайтудың маңызды қадамы деп санаймыз. Біз білім беру бағдарламаларын дамыту, ғылыми зерттеулер саласындағы әріптестікті кеңейту, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын қолдау бағыттарында ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз», - деп атап өтті Франсуаза Сметс.
Кездесу барысында екі жоғары оқу орны арасындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және білім мен ғылым салаларындағы әріптестікті дамыту кеңінен талқыланды.
Іс-шара халықаралық байланыстарды кеңейтуге, өзара тәжірибе алмасуға және болашақтағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
