
ЕҰУ қызметкерлерінің ғылымды дамытуға қосқан үлесін Ғылым және жоғары білім министрі жоғары бағалады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері биылғы жылдың қыркүйек айында өткен «Өр Алтай – түркілердің атамекені» III халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын ұйымдастыру мен өткізуге қосқан үлесі үшін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Марапаттарды ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова табыстады.
Марапаттау рәсіміне ЕҰУ-дың сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры Индира Рыстина, факультет декандары, оқытушылары жас ғалымдары және университеттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары қатысты.
«Соңғы жеті жылда ғылымды мемлекеттік қаржыландыру көлемі алты есеге артты. Осыған байланысты сіздерден жоғары нәтижелер күтіледі. Жас ғалымдарды қолдауға ерекше көңіл бөлінуде. Жастар жоғары білім мен ғылым саласына белсенді түрде келіп жатыр. Бүгінде зерттеушілердің 46 пайызын жас ғалымдар құрайды. Бұл оң динамиканы сақтап, осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыру маңызды», – деп атап өтті вице-министр.
ЕҰУ проректоры Индира Рыстина өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Өр Алтай – түркілердің атамекені» атты III халықаралық конференциясына қатысушыларға құттықтау хатын жолдағанын атап өтті.
«Конференция әлемге танымал жетекші ғалымдардың басын қосып, халықаралық ғылыми қауымдастық үшін маңызды оқиғаға айналды. Осындай ауқымды форумды ұйымдастыру университетіміз үшін құнды тәжірибе болды. Конференцияның арқасында ЕҰУ ғалымдары жаңа халықаралық ғылыми және академиялық байланыстар орнатып, бірлескен зерттеулер жүргізуге және шетелдік университеттермен ынтымақтастықты кеңейтуге мүмкіндік алды. Мұндай бастамалар Қазақстанның халықаралық білім беру және ғылым хабы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал етеді», – деді проректор.
