
ЕҰУ мен Шанхай заң қоғамы ынтымақтастықты талқылады

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Шанхай заң қоғамының делегациясы келді. Ұйымның вице-президенті Чжоу Гоцин бастаған делегация құрамында құқық саласындағы зерттеушілер мен ғылыми қызметкерлер болды.
Кездесуге ЕҰУ стратегиялық даму және интернационалдандыру жөніндегі проректорының міндетін атқарушы Абзал Талтенов және университеттің заң факультетінің өкілдері қатысты.
Жиын барысында тараптар құқық саласындағы ынтымақтастықты дамыту, ғылыми байланыстарды нығайту және тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.
Абзал Талтенов ЕҰУ-дің Қытайдың жоғары оқу орындарымен халықаралық байланыстарды дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Оның айтуынша, университет Қытайдың 30-ға жуық жоғары оқу орнымен ынтымақтастық орнатқан. Қазір бірлескен білім беру бағдарламаларын дамыту және ғылыми тәжірибе алмасу бағытында жұмыстар жүргізілуде.
«Шанхай заң қоғамы делегациясының сапары құқықтық зерттеулер мен заң саласындағы тәжірибе алмасуға, кәсіби диалог орнатуға және болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді. ЕҰУ-дің заң факультетінің ғылыми әлеуеті жоғары. Бүгінгі кездесу алдағы уақытта нақты жобалар мен жаңа әріптестік мүмкіндіктеріне жол ашады деп сенемін», – деді проректор.
Өз кезегінде Шанхай заң қоғамының вице-президенті ұйымның ғылыми-зерттеу қызметі мен құқық саласындағы негізгі бағыттары туралы айтып, ЕҰУ-мен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.
«Шанхай заң қоғамы құқық саласындағы ғылыми зерттеулерді дамытуға және мамандар арасында тәжірибе алмасуға үлес қосып келеді. Қоғам жанынан қылмыстық және азаматтық құқық, сот ісін жүргізу және басқа да бағыттар бойынша 54 зерттеу ұйымы жұмыс істейді.
Бүгінгі сапарымыз ЕҰУ-дің заң факультетімен танысуға, тәжірибе алмасуға және болашақтағы ынтымақтастық бағыттарын талқылауға мүмкіндік береді», – деді Чжоу Гоцин.
Сондай-ақ ол ЕҰУ өкілдерін Шанхайға келіп, тәжірибе алмасуға шақырды.
Кездесу құқық саласындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға және екі тарап арасындағы болашақ ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастыруға арналды.
