
ЕҰУ-да тележурналист Ақерке Бектаспен кездесу өтті

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Академиялық «Старосталар кеңесінің» ұйымдастыруымен тележурналист, ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясы директорының орынбасары Ақерке Бектастың қатысуымен кездесу өтті. Басқосуда тележурналистиканың ерекшеліктері, кәсіби тәжірибе және журналист мамандығының болашағы сөз болды.
Ақерке Бектас еңбек жолын 2015 жылы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Жамбыл облыстық филиалында бастаған. Кейін «Астана» және «Qazaqstan» телеарналарында қызмет атқарып, «Aqparat», «Aqorda», «Бас тақырып», «Ashyq Alan» жобаларына қатысты. 2022 жылдан бастап Президент пулында тілші болып, «Ақорда» арнайы жобасының авторы, продюсері әрі жүргізушісі қызметін атқарды.
Кездесу барысында журналист халықаралық сапарлары мен кәсіби тәжірибесі туралы айтып, болашақ мамандарға қажетті білім мен дағдыларға тоқталды.
«Мен 30-дан астам мемлекетте болдым. Өзге елдердің президенттерінен, белгілі саясаткерлерден және халықаралық сарапшылардан сұхбат алдым. Осындай сапарлар мен кездесулер арқылы мемлекетаралық келіссөздердің маңызын, халықаралық қатынастардың ерекшеліктерін тереңірек түсіне бастайсың. Журналист үшін мұндай тәжірибенің берері мол. Өйткені журналист тек сауатты жазып, шебер сөйлеумен шектелмеуі керек. Ол құқық, экономика және саясат салаларын да меңгеріп, әлемде болып жатқан оқиғалардың мәнін түсініп, олардың себеп-салдарын саралай білуі қажет. Ақпараттық вакуумда қалмай, үнемі ізденіп, дүниежүзіндегі жаңалықтарды қадағалап отыру маңызды. Себебі журналистің кәсіби деңгейі оның ақпаратты қаншалықты терең түсініп, аудиторияға сауатты жеткізе алуынан көрінеді», – деді Ақерке Бектас.
Сондай-ақ кездесуде әлеуметтік желілердің ақпарат таратудағы рөлі, жалған ақпаратпен күрес және аудитория сенімін сақтау мәселелері талқыланды. Қатысушылар журналистің кәсіби жауапкершілігі мен ақпаратты тексерудің маңызы жөнінде пікір алмасты.
Ақерке Бектас – «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Президент грантының иегері. 2025 жылы «Тұмар» ұлттық телевизиялық байқауында «Ең үздік тележурналист» номинациясын жеңіп алған.
