
ЕҰУ-да Республика күніне орай оқытушылар мен қызметкерлер марапатталды

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде 25 қазан – Республика күніне арналған салтанатты шара өтті. Мерекелік жиында университет оқытушылары мен қызметкерлері марапатталып, студенттерге білім гранттары табысталды. Мерекелік бағдарлама Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді әскери үрмелі оркестрінің Guard Next жобасымен жалғасты.
ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтап, Қазақстанның қалыптасу жолындағы тарихи қадамдарға тоқталды. Ол елдің жетістіктері береке-бірлік пен бірлескен еңбектің нәтижесі екенін атап өтті.
«Құрметті әріптестер, қадірлі қонақтар! Баршаңызды еліміздің қасиетті мерекелерінің бірі – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздікке жету үшін үлкен тарихи қадамдар жасалды. Бүгінде береке-бірліктің арқасында экономикамызды дамытып, әлемдегі беделді мемлекеттердің қатарына қосылдық», – деді ректор.
Сонымен қатар Ерлан Сыдықов университеттің 30 жылдық даму кезеңіне тоқталып, алдағы басымдықтарын атап өтті. Оның айтуынша, ЕҰУ-дың негізгі міндеттері – үздік талапкерлерді тарту, сапалы білім беруді қамтамасыз ету және түлектердің еңбек нарығында өз орнын табуына мүмкіндік жасау.
Салтанатты шарада университеттің ғылымы мен білімінің дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім, Оқу-ағарту, Туризм және спорт, Сыртқы істер, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің наградалары мен алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкер ЕҰУ-дың «Күлтегін» және «Лев Гумилев» төсбелгілерімен марапатталды.
Бұдан бөлек, университет түлегі, «ENU Endowment» қорының меценаты әрі «Zebra Coffee» кофеханалар желісінің негізін қалаушы Ержан Тастамбековке ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 30 жыл» медалін табыстады.
Іс-шара аясында «ENU Endowment Fund» қорының қолдауымен студенттерге білім гранттары берілді. Ержан Тастамбеков 16 студентке Zebra Coffee Scholarship гранттарын табыстады. Ол 2023 жылдан бері университет жастарын қолдап келеді. Осы бастама аясында бүгінге дейін 42 студент білім грантын иеленген.
Мерекелік кештің концерттік бағдарламасында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Үлгілі-көрсетімді әскери үрмелі оркестрі Guard Next жобасын таныстырды. Бағдарламада әскери музыканың дәстүрі заманауи әуендермен үйлесіп, қазақстандық және әлемдік танымал әндерден попурри, сондай-ақ ретро композициялар орындалды. Кеш соңында Ұлттық ұланның Құрмет қарауылы ротасы өнер көрсетті.
Айта кетейік, Республика күні 1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылдануына орай аталып өтеді. Бұл тарихи құжат Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған маңызды қадамдардың бірі саналады.
