ЕҰУ ғалымдары поляк әріптестерін өздерінің ғылыми жобаларымен таныстырды
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Қазақстан Республикасының құрылыс, жол-құрылыс секторының аккредиттелген қызметтерінің толық циклін көрсету бойынша құрылыс-техникалық инжинирингтік орталығын құру» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруды іске асыру шеңберінде Белосток технологиялық университетінің өкілдерімен және «ASTWA» ООО бас директоры Станислав Луневскиймен (Польша) кездесу өтті.
Іс-шараны ЕҰУ инновацияларды дамыту Департаменті ұйымдастырды.
Кездесуге Қазақстан тарапынан аталған бағдарламаның жетекшісі Асель Джексембаева және университет ғалымдары Нұрзада Амангелді, Зерекбай Аликулов, Қарлығаш Әубәкірова және Онахай Серікжан қатысты.
Кездесу аясында асфальт-жол жабыны саласындағы мәселелер талқыланды. Сондай-ақ Асель Джексембаева «Өнеркәсіптік қалдықтардан жасалған асфальтбетонға қосылатын минералды қоспалар», «Полипропилен және өнеркәсіптік қалдықтар негізінде шуды оқшаулайтын құрылыс материалдары» және «Ауыл шаруашылығы өнеркәсібі қалдықтарынан жасалған эко-тиімді панельдер» атты жобаларды ұсынды.
Польша делегациясын ЕҰУ ғалымдары - Зерекбай Аликулов «Экологиялық таза балық өнімдерін алу үшін отандық балық азығын өндіру және технологияларды коммерцияландыру» жобасымен, Нұрзада Амангелді «Мүмкіндігі шектеулі адамдардың қарым-қатынасын жеңілдету үшін зияткерлік сурдоресурстарды әзірлеу» жобасымен таныстырды.
Өз кезегінде кездесуде поляк делегациясы жаңартылатын энергия көздерін пайдалану мәселесін көтерді. «ASTWA» ООО бас директоры Станислав Луневский жаңартылатын энергия көздері технологиялары негізінде энергияны үнемдейтін поляк эко жанар-жағар май станциялары туралы айтты.
Сонымен қатар, поляк тарапы ЕҰУ ғалымдарының 11 жобасын Польша компанияларымен коммерцияландыру мүмкіндіктерін қарастырды.