Ғылыми мақалаларды қалай жазуға болады
Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факультеті казақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы Аймұхамбет «Академиялық жазу: ғылыми мақала жазу әдістемесі» тақырыбында ғылыми семинар өткізді.
Семинар жұмысына ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ доценті, философия докторы (PhD) Гульназ Сагынадин, Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты Қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, философия докторы (PhD), доцент Аслан Әлімбаев, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Семинарда ғылыми мақала әзірлеуде тақырыпты таңдау, мақала құрылымы, мақаланы жоспарлау, жұмыс гепотезаларын тұжырымдау, зерттеу әдістемесі, ғылыми мәліметтерді жинақтау, әдебиеттер тізімін құрастыру, мақаланы жариялау секілді бірнеше бағытта сөз қозғалды.
Бұндай іс-шаралар академиялық жазылым аясында білім және тәжірибе алмасуда, филология ғылымындағы маман мен ізденуші-зерттеуші арасындағы сұхбатты жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ кәсіби көкжиектің кеңеюіне және осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмысының сапасын арттыруға ықпал етіп, алдағы уақытта филологияның ғылыми пән ретіндегі жаңа кеңістігінің ашылуы мен дамуына себепкер болмақ.