![Loading...](/_nuxt/light-blue.e889c4fb.gif)
«ENU BARYSY - 2024» турнирі өтті
Еуразия ұлттық университетінің күнінде ұлттық спорт түрлері кеңінен дәріптелді. Қазақ күресінен дәстүрлі «ENU BARYSY - 2024» турнирі өтті. Жарыста студенттер және қызметкерлер бөлек санатта бақ сынады.
Бүгін ниет білдерген студенттер мен оқытушылар ұлттық спорттың бірнеше түрі бойынша өз өнерлерін ортаға салды. Жылда өткізілетін қазақша күрес додасына қатысуға ниет білдергендердің қатары қалың болды. «ENU BARYSY» биыл екінші мәрте өткізілді.
«Қазақ күресі» – ұлттық спорт түрлері ішінен ойып тұрып орын алады. Қазір әлемнің 40-тан аса мемелекеттерінде ұлттық күресімізден федерациялар құрылып, жұмыс жасауда. Күрестің бұл түрі жылдамдық, ептілік, күш және айла-тәсілдердің кең диапазонды қимыл-қозғалысымен қызықты. Спорттың осы түрі арқылы еліміздің мерейін тасытқан самбошы, түйе палуан, «Қазақстан барысы» Айбек Нұғымаров - біздің Еуразия ұлттық университетінің түлегі. Біз бүгінгі жарыстан Айбектің ізбасарларын көріп қуанып отырмыз», - деді ЕҰУ стратегиялық даму жөніндегі проректор Думан Айтмағамбетов.
«Бүгін спорттың «асық ату», «садақ ату», «арқан тарту» түрлері ұлттық спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, ал дәстүрлі «ENU BARYSY - 2024» жастарды ұлттық қүндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу бағытындағы сайыс. Сондықтан кіл мықтыдан кім мықты, ол турнир соңында мәлім болады», - деді ЕҰУ спортклуб менеджері Ерик Чинчалинов.
Студенттер арасында 70 келіге дейін салмақ дәрежесі бойынша Жаратылыстану ғылымдары факультетінің 3 курс студенті Бекзат Ұзақбаев, 70 келіден жоғары салмақта Әлеуметтік ғылымдар факультетінің 4 курс студенті Дастан Баухан, қызметкерлер мен оқытушылар арасында 80 келіге дейін салмақ дәрежесінде Нұрбол Ерболов, ал 80 келіден жоғары салмақта Әлеуметтік ғылымдар факультеті дене шынықтыру кафедрасының оқытушысы Асылтек Малькей «ENU BARYSY - 2024» атанды.
Турнир жас таланттар мен жаңа есімдердің жарқырай көрінуімен есте қалады.