ЕҰУ ғылыми кеңесінің келесі оқу жылына арналған жоспары бекітілді
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми Кеңесінің 2023-2024 оқу жылындағы соңғы отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде 6 басты және 5 әртүрлі мәселелер қарастырылды.
Басты мәселелерде 2023-2024 оқу жылының екінші жарты жылдығы бойынша есептері мен оқу процесінің сапасын жетілдіру бойынша міндеттері, алқалы органдардың оқу жылына қорытынды есептері қарастырылды және Ғылыми кеңестің келер оқу жылына арналған жұмыс жоспары бекітілді.
Сонымен қатар, Ғылыми кеңес отырысы қалыптасқан әдет бойынша қызметкерлерді марапаттаумен басталды, атап айтқанда: ҚР «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен механика-математика факультетінің деканы Данияр Козыбаев, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры Болат Қорғанбеков, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті Саулеш Айтуганова, практикалық қазақ тілі кафедрасының доценті м.а. Саягуль Карыбаева, сонымен қатар «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» төсбелгісімен химия кафедрасының профессоры м.а. Нурия Омарова, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының құрмет грамотасымен кәсіби бағдар беру бөлімінің бастығы-қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ляззат Егеубаева марапатталды.
Қорытынды отырыс соңында Ғылыми кеңес төрағасының орынбасары, Басқарма мүшесі-академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай Ғылыми кеңес мүшелеріне 2023-2024 оқу жылындағы атқарған жұмысы және белсендіктері үшін алғыс білдіріп, Университетімізге жаңа оқу жылына сәттілік тіледі.