Қабылдау комиссиясының кезекті отырысы
Ағымдағы жылдың 26 шілдесінде Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ардақ Бақытұлы Бейсенбайдың төрағалығымен Қабылдау комиссиясының кезекті отырысы өтті.
Қабылдау комиссиясының 2024 жылға арналған жоспарына сәйкес күн тәртібіне ұсынылған мәселелер қарастырылды.
Бірінші мәселе бойынша қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Лаззат Бақытқызы Егеубаева білім беру гранттарын тағайындау конкурсына талапкерлердің өтініштерін қабылдау нәтижелері туралы, сондай-ақ конкурсқа қатысу үшін өтініштер жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының қабылдау комиссиялары, сондай-ақ онлайн режимде «Электрондық үкімет» порталы арқылы берілгендігін айтты.
«Еуразия ұлттық университеті Қабылдау комиссиясы арқылы барлығы 3419 талапкердің өтініштері өңделіп, конкурсқа жіберілді. Оның ішінде 2905 өтініш қабылдау комиссиясы арқылы, «Электрондық үкімет» портал арқылы 514 өтініш келіп түсіп, жоғары білім берудің бірыңғай порталы (ЕПВО) арқылы өңделді.
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлері үшін шығармашылық емтихандарға қосымша кесте жасалды және ол талапкерлер қаңтар, наурыз немесе негізгі ҰБТ-ның ең жоғары нәтижесін грант конкурсына ұсына алды.
Сондай-ақ, шалғай өңір талапкерлеріне ыңғайлы болу үшін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің виртуалды қабылдау комиссиясы да жұмыс істеді. Олар бейнебайланыс арқылы консультация берді және білім беру конкурсына құжаттарын қабылдады» - деп айтып өтті.
Күн тәртібіндегі келесі сұрақ, бакалавриат және магистратура білім беру бағдарламалар топтары бойынша шығармашылық емтихан нәтижелеріне тоқталып өтті.
Бакалавриат бойынша алты білім беру бағдарламалар топтары бойынша шығармашылық емтиханға келіп түскен өтініштер саны – 1108. Екі емтиханға да қатысқан талапкерлер – 1093. Оның ішінде 802 талапкер емтихандарды сәтті тапсырып шекті балл алды.
Магистратура бойынша екі білім беру бағдарламалар тобы бойынша шығармашылық емтиханға келіп түскен өтініштер саны – 33. Екі емтиханға да қатысып, шекті балл алған үміткерлер саны – 31.
Сонымен қатар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының топтары бойынша ақылы негізде шетел азаматтарымен әңгімелесу өткізу жөніндегі комиссия құрамын бекіту, мерзімді әскери қызмет өткерген азаматтарды қабылдау үшін әңгімелесу бойынша комиссия құрамын бекіту, сондай-ақ бейіндік бағыттағы магистратураға түсетін үміткерлермен әңгімелесу өткізу жөніндегі комиссия құрамын бекіту сұрақтары қарастырылды.
Күн тәртібінің барлық мәселелері шешімдер бойынша орындауға және бекіту үшін қабылданды.