
Қазіргі ғылыми прогресс дәуірінде университет ғылымының маңызы айрықша артып келеді. Осыған байланысты 2022 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зерттеу университеті мәртебесін алып, 2022–2026 жылдарға арналған Даму бағдарламасын бекітті.
Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев Парламенттің ашық отырысында сөйлеген сөзінде ұлттық ғылымды дамыту өзнің тікелей бақылауында болатынын атап өтті. Осы мақсатта ҚР Президенті жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылып, оның құрамына университетіміздің үш ғалымы — Е. Сыдыков, Г. Есім және М. Здоровец енді.
Бүгінде ЕҰУ әлемнің жетекші оқу орындарының қатарында нық орын алып, QS World University Rankings рейтингінде 277-орынға ие болып, беделді ТОП-300-дікке енді.
Университет құрамында 13 факультет, 67 кафедра және 31 ғылыми-зерттеу институты жұмыс істейді. 41 мамандық бойынша 30 диссертациялық кеңес қызмет атқарып, шамамен 200 ғылыми жоба жүзеге асырылуда. Постдокторантура бағдарламасы белсенді дамып, «Оқытушы-зерттеуші» және «Зерттеуші» сияқты жаңа академиялық лауазымдар енгізілді.
Ғылыми қызметтің нәтижелілігінің маңызды көрсеткіші — жарияланым белсенділігі. Соңғы бес жылда (2024 жылғы деректер бойынша) университет ғалымдары Web of Science базасында – 1922, Scopus базасында – 3911 мақала жариялап, зерттеулердің жоғары деңгейін және олардың халықаралық маңыздылығын дәлелдеді.
Университетте жыл сайын халықаралық және республикалық деңгейдегі ғылыми іс-шаралар кең көлемде өткізіледі. Тек 2024 жылдың өзінде 65-тен астам шара ұйымдастырылды: 31 халықаралық конференция, 2 халықаралық ғылыми форум, 8 жазғы, қысқы және көктемгі мектеп. Ең маңызды іс-шаралардың қатарында — ұлы А. Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Байтұрсын оқулары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясы, түркi тілдерін компьютерлік өңдеу жөніндегі X халықаралық конференция «TurkLang-2022», «Дүниетанымдық лексика: мәселелер мен ізденістер» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының 50 жылдығына және БҰҰ Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясының 30 жылдығына арналған халықаралық конференция және басқа да шаралар бар.
Ғылыми мектептердің дамуы, зерттеу орталықтары мен институттардың белсенді жұмысы университеттің іргелі зерттеулерінің тиімділігін арттырып, қолданбалы ғылыми және білім беру жобаларының бағыттарын кеңейтуде. Бұл Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ғылыми әлеуетінің бәсекеге қабілеттілігі мен сұранысын нығайта түседі.
Осылайша, университеттің ғылыми-зерттеу қызметі ЕҰУ-ды Қазақстанның ірі ғылыми және зерттеу орталығы ретінде одан әрі дамытуға, ғылыми және ғылыми-педагогикалық мектептерді өркендетуге, жоғары технологиялық инновациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға бағытталған.
